Жаңалықтар

Ерекше формат. айрықша әсер

Елбасының халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын мен де ден қойып, мұқият тыңдағандардың бірімін.

Биылғы Жолдауды таныстыру барысында маған ерекше ұнаған тұс — оның атқарушы билік пен құзырлы орган өкілдері арасында өткені болды. Президент белгілі бір мәселелерге келгенде, жауапты адамдарды орнынан тұрғызып, нақтылы тапсырмаларды берді. Яғни дүйім жұртшылықтың алдында, көзбе-көз ойталқы өтті. Тіпті өз міндетін толыққанды атқара алмай отырған басшыларға ескерту жасалды. Меніңше, қазақстандықтардың көз алдында мемлекеттік маңызы бар мәселелер осылай шешілсе, оның қайыры ерекше болады. Ерекше форматта өткен Жолдаудан алған әсерім де тиісінше алабөтен.

Сондай-ақ Елбасының баспана мәселесін сөз еткені өте дұрыс болды деп есептеймін. Әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үйдің сапалы әрі қолжетімді болуы керектігін атап өтті. «Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтАр, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді», — деді ол. Меніңше, осы тапсырма талай жасты мәз-мейрам етті…

Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деген жаңалықты естіп, тағы қуандым. Ұстаз — ұлы тұлға. Сондықтан мұғалімдерге қатысты осы бір жақсылықты әр қазақстандық қуанышпен қабылдады деп ойлаймын.

 Сергей ВИШНЯК,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button